Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) "Қайрат" және "Астана" футбол клубтары арасындағы чемпиондық айқасты матчқа итальяндық төрешілер бригадасы қазылық ететінін мәлімдеді. Бұл жайт жанкүйерлер арасында түсінбеушілік туғызып, оған қатысты бүгін федерация жауап қатты, деп хабарлайды Zakon.kz.

2025 жылы 23 қазанда ҚФФ-ның Instagram-дағы парақшасында Қазақстан премьер-лигасының (ҚПЛ-2025) чемпионын анықтайтын матчта бас төреші итальяндық Маттео Маркетти болатыны жария етілді. Оған Валерио Коларосси мен Кристиан Росси көмекші болмақ. VAR-ға Давид Герзини жауапты.

Сәкен Байымбет пен Татьяна Сорокопудова сынды өз мамандарымыз қосалқы төреші және видеоны оқуда көмекші ассистент рөлін атқаратыны атап өтілді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Қазақстан Премьер-лигасы (@pflkaz)

Осы жарияланым астына пікір қалдырушылар Қазақстан чемпионатын анықтайтын матчқа неге отандық емес, шетелдік мамандар тартылғанын сұрағандар көп болды. Осыған байланысты 24 қазанда ҚФФ төрешілер комитетінің шетелдік төрешілерді шақыру мәселесіне қатысты ресми ұстанымын жариялады:

"ҚФФ төрешілер корпусы федерация аясында өз міндетін жоғары деңгейде орындап жүрген қазақстандық төрешілерге сенім білдіріп, қолдау танытады. Бүгінде олар ойындардың әділ әрі кәсіби өтуін қамтамасыз етіп келеді".

Құзырлы комитет биылғы маусымда өткен 200-ден астам ойынның ішінен тек төртеуіне шетелдік төрешілер қатысқанын да нақтылай кетті. Оларды ойынға шақыру жұмыстары уақытша және білім беру мақсатында жүзеге асырылуда. Ол келесідей үш негізгі мақсатты көздейді:

  • қазақстандық және шетелдік төрешілер арасында тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету;
  • Қазақстан чемпионатына халықаралық футбол ұйымдарының сенімі мен беделін арттыру;
  • отандық төрешілердің кәсіби дайындығын жетілдіру.
"Қазақстандық мамандар шетелдік төрешілер қызмет атқарған барлық матчта резервтік төреші және AVAR ретінде жұмылдырылды. Бұл ойын кезінде өзара тәжірибе алмасуға және кәсібилікті арттыруға мүмкіндік берді.Шетелдік мамандарды шақыру бастамасы федерацияның басқа ұлттық қауымдастықтармен тәжірибе алмасудағы халықаралық бағдарламаларды дамытуға бағытталған. Ол ҚФФ-ның төрешілердің біліктілігін арттыруға арналған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі саналады". ҚФФ-ның төрешілер комитеті

Шақырылған төрешінің барлығы өз елінің жоғары лигаларында және халықаралық турнирлерде тұрақты түрде матчтар өткізіп жүрген, FIFA санатындағы кәсіби төрешілер. Бұл олардың төрелік ету сапасының жоғары деңгейін танытады.

"Сонымен қатар, ойындарға шақырылған швейцариялық және италиялық төрешілер — UEFA Talents & Mentors бағдарламасының қатысушылары. Аталған бағдарлама аясында ҚФФ төрешілер корпусының жетекшісі Нуну Алешандре Паррейра де Каштру олардың тәлімгер-нұсқаушысы ретінде қызмет атқарады". ҚФФ-ның төрешілер комитеті

Қазақстан футбол федерациясы бүгінде отандық төрешілердің кәсіби дамуы үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын қаперге алады.

"ҚФФ өз төрешілерін қолдап және қорғай отырып, оларға қаржылық тұрақтылықты, заманауи құрал-жабдықтарды және кәсіби өсудің кең мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді", делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін "Елімай" футбол клубы "Ақтөбенің" алдын орап кетуі әбден мүмкін екенін жазғанбыз.