Қоғамдық тәртіпті сақтауға 3500 полицей жұмылдырылады .

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Спикердің айтуынша, Алматыдағы криминогендік жағдай тұрақты және бақылауда. Оның дәлелі – қылмыс деңгейінің 12 пайызға төмендеуі.

"Ішкі істер министрі ағымдағы жылды "Профилактика жылы"деп жариялаған болатын. Осыған орай, ерекше назар құқықбұзушылықтардың алдын алуға аударылып отыр. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, тұрмыстық жанжалдар мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Салтанат Әзірбек.

Мерекелік күндері ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқарады. Барлық бөлімшелер – патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, ювеналды және көші-қон қызметі, кинологтар мен жедел бөлімшелер жұмысқа тартылады.

Қоғамдық көлікте және азаматтар көп жиналатын орындарда – саябақтарда, алаңдарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында бақылау күшейтіледі.

Спикердің айтуынша, қалада көлік қозғалысын шектеу жоспарланбаған. Бұл мәселе мерекелік іс-шаралар өткізу кезінде қалыптасатын жағдайға байланысты шешіледі.

"Полиция қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "Заң және тәртіп" қағидаты аясында жұмыс істейді. Біздің басты міндетіміз – әрбір алматылық пен қала қонағының өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету", – деп атап өтті спикер.