Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 млрд теңге бөлді.

Мемлекет басшысының ауылда медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Жетісу облысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін нығайту шаралары қабылдануда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы жұмыс аясында өңір аудандарында сегіз медициналық нысан ашылды, олар – елге қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған ФАП, медициналық пункттер және дәрігерлік амбулатория.

Өңірде барлығы 18 жоба жүзеге асырылуда.

Жаңа денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілген ауылдар:

- Жалғызағаш және Қайнар (Ескелді ауданы)

- Сарытөбе (Панфилов ауданы)

- Жаңалық (Ақсу ауданы)

- Қаратал (Көксу ауданы)

- Оян (Қаратал ауданы)

Сонымен қатар Алакөл ауданы Жайпақ ауылында дәрігерлік амбулатория мен Қайнар ауылында ФАП іске қосылды.

Нысандардың барлығы инженерлік инфрақұрылыммен, заманауи медициналық техникамен жабдықталған және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету стандарттарына сәйкес келеді.

Бұл жобаларды жүзеге асыру шалғайдағы елді мекендердің 4 мыңнан астам тұрғынын медициналық көмекке қолжетімділікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.