Қыздар полиция басқармасының есебіне алынып, іс кәмелетке толмағандардың комиссиясына жіберілді.

Елімізде қыздар арасындағы төбелес тыйылмай тұр. Бұл жолы жаңаөзендік жасөспірімдер шаш жұлысып, жаға жыртысты. Оқушы қыздардың қатыгездігі көпшіліктің ашуын туғызған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Желіге таралған видеодан екі қыздың арасында жанжал туындайды. Кикілжіңге түскен бұрымдылар бір-бірін аямай ұрады. Жерге жығылған біреуін екіншісі төмпештеп, тепкінің астына алады. Оңбай таяқ жеген жеткіншектің басы айналып, орнынан тұра алмай қалған. Сол сәтте сыртынан қарап тұрған тағы бір қыз басынан аяғымен теуіп жібереді. Ал осы төбелестің барлығын басқа оқушылар телефонға түсіріп, бақылап тұрған.

Қыздар полиция басқармасының есебіне алынып, іс кәмелетке толмағандардың комиссиясына жіберілді.

"Аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары басталып, оқиғаны 18 қазан сағат 20.00-21.00 уақыт аралығында орын алғаны анықталды. Аталған оқиға бойынша жасөспірімдер мен ата-аналарына қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сай тиісті әкімшілік хаттама жасақталып, жауапкершілікке тартылды", – деді Жаңаөзен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Сержан Түйешиева.