Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытудағы басым бағыттарын атап өтті.

Президенттің айтуынша, ел цифрландыру көрсеткіші бойынша әлемдік индекстерде жоғары орындарды иеленсе де, жетілдіру жұмыстары әлі жалғасуы керек.

"Қазақстанның жаһандық озық үрдістерден кейін қалуына болмайды. Әлемдегі ең жоғары талаптарға сай заманауи экономиканы дамыту үшін ғылыми-техникалық прогресті жіті бақылап отыру қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллектіні жан-жақты енгізуді мемлекеттік даму басым бағыты ретінде белгілеуге шақырды. Елде алғашқы ұлттық суперкомпьютер іске қосылып, "Қазақтелеком" базасында тағы бір суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, AI Sana бағдарламасы және ауқымды Alatau City жобасы қолға алынған.

Президент стратегиялық мақсат ретінде Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыруды белгіледі. Ол жасанды интеллект пен цифрлық құралдардың еліміздің өркендеуіне қызмет етуі қажеттігін баса айтты.

"Уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Креатив пен инновация өсімнің арқауы, ал зияткерлік капитал елдің бәсекеге қабілеттілігінің өзегі болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.