Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында экологиялық мәдениетті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Президенттің айтуынша, елімізде жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы халықтың, әсіресе жастардың белсенді қолдауына ие болып отыр.

"Былтырдан бері шамамен 2,8 миллион гектар жер тазартылып, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ең бастысы – азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімі, бүкіл болмысы өзгере бастады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы барлық салада оң өзгерістердің байқалып отырғанын атап өтті. Дегенмен Президент елдің дамуы мен жаңғыру қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін айтты.

"Биыл еліміздің мерейі өсіп, рухы көтерілген жыл болды. Азаматтарымыз көптеген салада табысқа жетті. Оқушыларымыз халықаралық білім додаларында мыңнан астам медаль иеленді, спортшыларымыз ел туын биікте желбіретті. Дарынды жастарымыз ұлттық мәдениетімізді әлемге танытып жүр", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінгі жетістіктер – жылдар бойы жүргізілген жүйелі және тиімді жұмыстың нәтижесі.

"Жаһан жұрты қазақ халқын рухы биік, мәдениеті бай, зияткер ұлт ретінде танып отыр. Ендігі міндет – осы қарқынды бәсеңдетпей, тек алға жылжу", – деп түйіндеді Президент.