Ақтөбеде отшашу мен концерт болмайды.
Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол апатынан кейін облыс әкімдігі Республика күніне арналған мерекелік гала-концерт пен отшашуды өткізбеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бұған дейін концерт пен отшашу 25 қазан күні сағат 19:00-де "Қазақ халқына мың алғыс" алаңында өтеді деп жоспарланған еді. Алайда аймақта болған қайғылы оқиғаға байланысты іс–шаралар тоқтатылды.
"Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! 25 қазан күні өткізу жоспарланған гала-концерт пен отшашу өңірде болған қайғылы жағдайға байланысты өтпейтіндігін хабарлаймыз", – делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында жолаушылар көлігі апатқа ұшырады: 12 адам қаза болып, бес адам ауруханаға түсті
Еске салайық, 23 қазан күні "Самара – Шымкент" автожолында, Белқопа ауылы маңында ауыр жол апаты болды. DAF жүк көлігі мен "Газель" жолаушылар көлігі соқтығысып, 12 адам қаза болды. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша жүк көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен.