Абай облысында мал шаруашылығы нысандарын сумен қамтамасыз етуге арналған субсидияларды бөлу кезінде заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

2025 жылғы 24 қазанда облыстық прокуратура бұл туралы толығырақ ақпарат берді:

"Облыстың мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жайылымдарды суландыру және мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидия бөлу кезінде заң талаптарының бұзылғанын анықтады", – делінген хабарламада.

Заңнама талаптарына сәйкес, субсидия алу үшін арнайы су пайдалануға рұқсат болуы тиіс.

"Алайда ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мен бөлім маманы тиісті рұқсаттар болмағанына қарамастан, жалпы сомасы 24 миллион теңге болатын 35 субсидияны заңсыз түрде бөлген. Прокурорлық тексеріс нәтижесінде аталған тұлғаларға "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" түріндегі тәртіптік жаза қолданылды", – деп хабарлады Абай облысының прокуратурасы.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың шілдесінде Алматы облысының прокуратурасы да ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізілген тексеріс нәтижесінде бюджет субсидияларын ұрлау мен заңсыз төлем жасау деректерін анықтаған болатын. Нәтижесінде мемлекетке 4,8 миллиард теңге көлемінде шығын келтірілген.