Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жанынан есірткі және алкогольге тәуелділіктің алдын алу жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды.
Алматы облысы полиция департаменті халық арасында алкоголь мен есірткіге тәуелділіктің, сондай-ақ темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл шаралар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, жастардың бойында зиянды әдеттерге қарсы берік көзқарас қалыптастыруға бағытталған.
Профилактикалық іс-шаралар медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе ұйымдастырылуда. Мамандардың айтуынша, мұндай әріптестік қоғамда денсаулық мәдениетін дамытып, жастардың өз өміріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Негізгі мақсат – жас буын арасында ішімдік, есірткі және темекі өнімдерінің зияны туралы түсінікті арттыру, олардың салдарын көрсету және дені сау ұлт қалыптастыру жолында қоғамдық белсенділікті күшейту.
"Профилактикалық кампания аясында облыс аумағында мектеп және колледж оқушыларымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесулер, спорттық жарыстар, ашық дәрістер, бейнероликтер мен әлеуметтік жарнамалар көрсету сынды түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп келеді. Сонымен қатар, ата-аналар мен педагогтарға арналған семинарлар мен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, тәуелділіктің алғашқы белгілері мен ерте араласу шаралары туралы кеңес берілуде", – делінген полицияның хабарламасында.
Жастар арасында жүргізілген сауалнамалар мен талдаулар зиянды әдеттердің басым бөлігі бос уақытты дұрыс өткізбеу мен психологиялық қысымнан туындайтынын көрсетті. Осыған байланысты облыс полицейлері спорт, мәдениет және еріктілік бағыттарында баламалы белсенділікті арттыруға ерекше мән беріп отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда құрылыс бақылауы күшейді: заң бұзғандарға лицензия берілмейді
Алматы облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жанынан есірткі және алкогольге тәуелділіктің алдын алу жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеті – тиісті мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жұмысын үйлестіру, кешенді профилактикалық шараларды жүйелі түрде өткізу және есірткі тұтыну деңгейін төмендетуге бағытталған бірлескен шешімдер қабылдау.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, соңғы жылдары аймақта мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстар саны азайған. Бұл – тұрғындардың өз денсаулығына және қоғам қауіпсіздігіне деген көзқарасының біртіндеп өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
"Біздің басты мақсатымыз – қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру. Әрбір ата-ана, ұстаз және жасөспірім бұл бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі екенін түсінуі тиіс. Тәуелділікпен күрес тек полицияның немесе медицина қызметкерлерінің міндеті емес, бұл – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз", – дейді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында тағы 2 елді мекеннің атауы қазақшаланады
Полиция департаменті облыс тұрғындарын өз денсаулығына және жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бас тартуға, салауатты өмір салтын қолдауға шақырады.