Қазақстан мектептерінде бірінші тоқсан аяқталды. Оқу-ағарту министрлігі "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында күзгі демалысты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, өңірлерге жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігі мектептерге каникул уақытын тиімді өткізудің бірнеше жолын ұсынып отыр:
- Оқушылармен кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру, сондай-ақ түрлі кәсіптің үздік өкілдерімен кездесулер өткізу.
- Өмірлік қиын жағдайларға тап болған, үйде оқитын оқушылар үшін: виртуалды экскурсиялар, онлайн жарыстар, психологтармен іс-шаралар, белгілі бір пәндер бойынша кеңес берулер ұйымдастыру маңызды.
- Ата-аналармен өзара қарым-қатынас құру: балалармен бірлесіп, мәдени-көпшілік және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын, экскурсиялар, интернет-марафондар, ата-аналарға арналған конференциялар мен форумдар өткізу.
- Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары: құқық қорғау, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар органдарының өкілдерін шақырумен тәрбие жұмыстары және зиянды әдеттердің алдын алу бойынша кеңес берулер ұйымдастыру.
- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мектептің де, ата-аналардың да басты міндеттерінің бірі. Сондықтан аталған іс-шараларды өткізбес бұрын күзгі демалыс кезінде оқушылар мен олардың ата-аналарына өмір қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау туралы нұсқаулық жүргізу маңызды.
Еске сала кетейік, биыл күзгі демалыс 27 қазаннан басталып 2 қарашаны қоса алғанда 7 күнтізбелік күнге созылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз