Алматыда кино түсірілімі кезінде ескі нөмірмен көлік жүргізген үш адам жазаланды. Полицейлер оларды бір тәулікке қамауға алып, сот шешіміне сәйкес, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырыпты. Ал осы жағдайдан соң түсірілімді тоқтатуға мәжбүр болған ерлі-зайыпты режиссёр мен продюсер тәртіп сақшыларының әрекетіне наразы, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

"Бұл жерде біз жылдамдық асырған жоқпыз. Камера орнату бар ғой, кинода. Ондай орнатқан жоқпыз. Ескертіп, айыппұл салуға болар еді. Бірінші рет болып тұр. Біз мүлдем рұқсат алған жоқпыз дей алмаймын. Алдын ала әкімдікке, полиция департаментіне барғанбыз. Ол қағаздарымыз бар. Бұл іске мүлдем немқұрайлы қараған жоқпыз", — дейді кинопродюсер Айсәуле Әбілдә.

Оқиға қазанның басында болған. Режиссёр Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілдә кезекті туындысын түсіре бастаған. Фильмде 2004 жылды көрсетпек болған олар үш қымбат көлікті жалға алып, ескі нөмір тағады. Әл-Фараби даңғылына шыға бергені сол екен, полицейлер бірден тоқтатыпты. Сөйтіп көліктерді айып тұрағына әкетіп, тізгіндегі азаматтар бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

Тіпті аудандық сотта да мұның фильм ішіндегі эпизод екенін дәлелдей алмапты. Енді түсірілімге қатысамын деп басы бәлеге қалған жүргізушілер шығармашылық ұжымнан 6 миллион теңге талап етіп отыр.

"Екі ортада біз күйіп отырмыз" деген Айсәуле Әбілдә әділдік іздеп әлек. Ал полиция департаменті киногерлер алдын ала түсірілім туралы ескертпеген деп отыр. Сондықтан жаза өзгертілмейді.

"Заң барлық тұлғаға бірдей. Киноөндіріс, телевизия жобаларын түсіргенде заңды бұзуға болады деген норма ешбір заңда жоқ. Сондықтан заңды қатаң сақтауға тиіс. Киноны бірінші түсіріп жатқан тек бұл компания емес. Әріптестері кино түсірер кезде белгіленген тәртіппен жалған нөмірі бар автокөліктерді түсіруші алаңға белгілі эвакуатормен жеткізеді. Сондықтан белгіленген тәртіпте, хаты да, өндірісі де жазылған жоқ. Сондықтан нәтижесі осындай", — дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз