Бұл – Қырғызстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаға айналады .

Шаһар сұлбасы туу биіктен қарағанда ұлттық музыкалық аспапты – қобызды елестетін болады.

Таяуда әлеужеліде "болашақтың шаһары" – Асман қаласының үлкен макетінің көрінісі жарияланды. Видеода Алатаудың арғы баурайындағы ағайынның азат тарихындағы ең бір өршіл-амбициозды жобасы – Аспан (қырғыз тілінен солай аударылады) қаласының сопақша сұлбасы бейнеленген алып карта-макеті, көшелері, басты нысандары, қасындағы алып көл бейнеленген.

500-700 мың адамның (ел халқының шамамен 10%-ының) тұруына есептелген Асман қаласын Ыстықкөлдің жағалауында тұрғызу жоспарланған. Идея бойынша ол әлемдегі ең экологиялық таза қаланың біріне айналуға тиіс. Мысалы, жаңа қалаға тек экологиялық таза көліктер, электрокарлар ғана жіберілуі мүмкін.

Қырғыз Президенті Садыр Жапаров 2023 жылғы 30 маусымда, қала құрылысы орнында символдық капсуланы қалады. 2024 жылғы 12 шілдеде Құрылыс министрі Нұрдан Орынтаев видеокөпір кезінде Асманда бастапқы құрылыс жұмыстары басталғанын жария етті. Жобаға шетелдік инвесторлардың тартылғаны хабарланды.

Аспан шаһары 4 мыңнан аса гектарды алып жатады. Бұл 90 Ватикан сиятын территория. Жобаның жалпы құны 20 миллиард долларға бағаланды. Жүзеге асыру кезеңі 7-10 жылға созылады деп болжанды.

Алайда 24.kg телеарнасының мәлімдеуінше, ел Үкіметінің халықаралық серіктестері шын мәнінде "жасыл қала" құру үшін қажетті өзгерістер енгізуді ұсынғаннан кейін жобаны жүзеге асыру уақытша тоқтатылды. Жобаны түзету қаланың бүкіл концепциясын қайта қарап, жетілдіру үшін қосымша уақытты талап етіпті.

Соның салдарынан Министрлер кабинетіне инвесторлармен ағымдағы келісімдерінің бәрін бұзуына тура келді. 2025 жылғы сәуірде Үкімет басшысы Адылбек Касымалиев жобаны жүзеге асыру туралы инвестициялық келісімді бұзу туралы өкімге қол қойды.

Тиісті келісімді бұрынғы премьер Ақылбек Жапаровтың Министрлер кабинеті 2024 жылғы қарашада CITIC Merchant және "Модуль Хаус" жауапкершілігі шектеулі қоғаммен арада бекіткен болатын. Мұндағы CITIC Merchant Corporation Limited – Гонконгтың қаржылық-өнеркәсіптік конгломераты. Оның 58 пайыз бақылаушы акциялары қытайлық CITIC тобының қолында.

Ал, қырғыз Әділет министрлігінің мәліметінше, "Модуль Хаус" ЖШҚ-сының құрылтайшылары Эламан Токтобеков пен Жипаргуль Базарбаева болып табылады. Соның ішінде жергілікті сарапшылардың ақпаратынша, Эламан – Президент Садыр Жапаровтың ұлының жақын досы, рэпер көрінеді. Небәрі 25 жасында-ақ ол құны миллиондаған доллар тұратын мемлекеттік жобаларды жүзеге асыратын 11-ден астам компанияның тең қожайынына айналған. Ал, "Модуль Хаус" компаниясының қызмет саласы ретінде тұрғын үй және коммерциялық ғимараттар құрылысы көрсетілген.

Инвестициялық келісімнің шарттары бойынша CITIC Merchant қала құрылысына 480 миллион доллар салуға тиіс болды. Оның 50 миллион долларын келісімге қол қойылғаннан кейін 1 ай ішінде инвестициялауға міндеттеме алды.

Ал, Асманның құрылысы 2024 жылдың 1 желтоқсанынан кешікпей басталуға тиіс еді. Басталмады. Жобаны жүзеге асыру үшін гонконгтық CITIC Merchant-қа Ыстықкөл жағасында, Тамчы айыл окмотында 4 015 гектар жер берілді. Бұл телім шетелдік инвесторға 49 жылға арендаға ұсынылған еді.

Осы ескі инвесторлармен арадағы келісімнің шынында не себепті бұзылғаны жарияланбады. Үкіметтің 2025 жылғы 23 сәуірдегі жаңа өкімінде тек 2024 жылғы 13 қарашадағы №724-р нөмірлі бұрынғы өкімнің күші жойылғаны көрсетілген. Сонымен көршінің тарихи мега-жобасы белгісіз мерзімге баяулағандай көрінген.

Алайда ғаламторда Асман қаласының жаңартылған макеті паш етілген жаңа видеоролик тарады. Соған қарағанда қырғыздардың қала салу жұмысын қайта жандандырғаны байқалады. Макетте "ақылды қаланың" тұжырымдамасына сәйкес келетін озық инфрақұрылым, заманауи және футуристік ғимараттар визуализацияланған.

Ақпарат құралдары төл дереккөздеріне жүгініп, Аспан қаласының құрылысы, жобаға енгізілген өзгерістерді есепке ала отырып, алдағы айларда басталатынын хабарлады. Бұл ретте оған жаңа инвесторлар мен қосымша бюджеттік емес қаражатты тарту қажет болады.

Қырғыз Республикасының Инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі орнықты даму стандарттарына негізделген жаңа тұрпатты қаланы тұрғызуға қытайлық инвесторлар да атсалысатынын жариялады. Мысалы, "Asman Ecocity" мега-жобасын жүзеге асыруға China Construction Company компаниясын тарту көзделген.

Осы орайда күні кеше Бейжіңде ҚР Инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік, Асман экологиялық таза қаласының құрылысы жөніндегі мемлекеттік дирекция мен қытайлық China Construction Company Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ресми мәліметке сәйкес, бұл құжат инвестициялық, инфрақұрылымдық және құрылыс жобалары саласында екі елдің өзара әрекеттестігін дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ол аталған алып жобаны іске асыруға шетелдік инвестициялар мен заманауи технологияларды жұмылдыруды қарастырады.

ҚХР астанасындағы кездесуде ықпалдастық перспективалары мен жобаны қаржыландыру бағыттары талқыға салынды. Келіссөздер қорытындысында China Construction Company қырғыздық экоқаланың бой көтеруіне сүбелі үлесін қосуға дайындығын білдірген.

Халықаралық құжаттарда ағылшын тілінде "Sky City" деп аталатын жаңа қаланы құрысуға қытайлық инвесторлар да үлкен қызығушылық танытқанын 2024 жылғы желтоқсанда, Жоғорку Кеңеште Экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев мәлімдеген еді. Оның дерегінше, қытайлық инвестормен келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр және Қаржы министрлігі жақын арада инвестормен меморандумға қол қояды.

Содан кейін ел Парламенті болашақта Қырғыз Республикасының астанасын Асман қаласына ауыстыру туралы бастама көтерді. Олардың пікірінше, бірінші болып, жаңа шаһарға Қырғызстанның Министрлер кабинеті қоныстандырылуға тиіс. Кезінде Қазақстан да Парламент пен Үкіметті бірінші орналастыру арқылы ел астанасын Алматыдан Астанаға тез-ақ көшіріп ала алды.

"Бішкектің дамуы шектеулі. Оны үнемі қалың да улы түтін басып тұрады. Көшелері ұдайы кептеліске кептеліп тұрады. Астанада баспана халыққа қолжетімсіз болып қалды, оны тек байлар алады. Бішкектің басшылығына тіпті екі басты әкімді қойсаңыз да, оның ақылы бұл проблемаларды толыққанды шешуге жетпейді. Біздің ұсынысымыз: Ыстықкөл облысында жаңа Асман қаласы салынады. Оған 10-20 миллиард доллар инвестиция тартылады. Ал, Бішкектің айналма автожолын салу үшін 1 миллиард доллардан артық шығын шығару керек. Оның орнына астананы Асманға ауыстырған жөн", – деді Жоғорку Кеңеша отырысында депутат Бақытбек Марипов.

Қырғыз депутаттарының байламынша, егер билік тармақтары Бішкектен Асманға көшіп кетсе, олармен бірге қалталылардың үлкен бөлігі кетеді, көшелердің тығындалуы мәселесі жылдам шешіледі. Биік лауазымды шетелдік меймандар мен жергілікті ірі тұлғалар үшін Бішкектің көшелерін уақытша жабу деген болмайды.

"Асман" ғаламат жобасы технологиялық озық шаһарды тақырдан тұрғызуды қарастырады. Оның өзге қалалардан айырмашылығы – жаһандық жылынуға отын болған көміртек шығарындыларын өндірмейді, толығымен "жасыл" және ақылды қала болады. Тұрғындардың өмірі мен жұмысы үшін инновациялық шешімдер енгізіледі. Ғимараттары жылу және энергия сақтауға бағдарланады.

Президент Садыр Жапаров 2024 жылғы қазанда "Ыстықкөл облысы аумағында "Асман экологиялық таза қаласы" пилоттық жобасының құрылыс тұжырымдамасының негізгі бағыттары туралы" жарлық шығарып, бұл жобаны мемлекеттің стратегиялық міндеті деп атады. Мемлекет басшысы оған Біріккен Араб Әмірліктерінен, Түркиядан да инвесторлар тартуға уәде етті.

Алайда әзірге "Аспан" қаласы аспанда қалықтаған қиялдай болып тұр. Инвесторлармен жаңа келісім бекітілген жоқ, тек уағдаластық қана бар. Қаржыландыру қайнарлары нақты айқындалмады. Жаңартылған егжей-тегжейлі техникалық-экономикалық негіздемесі де әзірше дайын емес көрінеді.

Оның үстіне жаңа қаладағы жарты миллион адамның немен айналысатыны, қайда жұмыс істейтіні белгісіз. Егер өңірде кен орындарын игерсе, өндірістік кәсіпорындар, мұржасынан түтіні будақтаған алып зауыт-фабрикалар ашса, экологиядан сау-тамтық қалмайды. Онда "Асман" экоқала санала алмайды.

Егер өңірде мал шаруашылығын дамытса, ол да табиғатқа жүктеме. Қазірдің өзінде жергілікті төрт түлік шөпті тақырлай жеп, шалғын таппай жатыр. Егер мал санын күрт арттырса, бұл жайылымдардың деградациясына және көл айналасындағы табиғи экожүйенің жойылуына соқтыруы ықтимал.