Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы аумағында болған жол апатының себептерін тергеп-тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия мүшелеріне тапсырма берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Екі адамның жағдайы ауыр

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше қазіргі жағдай туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов баяндады.

Алты адам Ақтөбе облысы Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Екі адамның жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа.

Зардап шеккендер Астанаға жеткізіледі

Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық авиация арқылы тасымалдауға болатын барлық зардап шеккендерді Астанаға жеткізіп, қажетті ем ұйымдастыруды тапсырды.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және Ақтөбе облысының әкіміне қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды», — деп жазылған хабарламада.

Жол апатының себептерін жан-жақты тергеумен Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы айналысуда, қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігіне вице-премьер «Самара – Шымкент» трассасының қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Оқиғаның мән-жайы

23 қазан күні сағат 08:40-та республикалық маңызы бар «Самара – Шымкент» автожолының 927-шақырымында Өзбекстан азаматы басқарған «DAF» жүк көлігі Хромтаудан Қарабұтақ бағытына қарай шыққан кезде рөлге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан «Газель» жолаушылар көлігімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан екі автокөліктің жүргізушілері мен Ақтөбе облысының он тұрғыны (оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала) оқиға орнында көз жұмды.