Қазақстанда тоқсан қорытындысын жылдам бағалайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі таныстырылды.

BilimClass цифрлық платформасы ұсынған жаңа жүйе тоқсандық бағаларды жылдам және нақты деректер негізінде бақылауға мүмкіндік береді. Қазір платформа Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының білім жүйесіне енгізілген. Жүйеде 2,3 миллионнан астам оқушы мен 315 мыңға жуық мұғалім тіркелген.

Bilim Group компаниясына тиесілі цифрлық платформа білім сапасы мен үлгерімді автоматты түрде бағалайды. Жүйе әр сынып, пән, оқу тілі бойынша, сондай-ақ мұғалім мен оқушы деңгейінде нәтижелерді есептейді.

– Басты мақсатымыз – мұғалімге түсінікті, қарапайым құрал жасау. Біз деректерді автоматты түрде жинап, түрлі қырынан талдайтын сүзгілер арқылы рейтинг құрдық. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктің себебін де автоматты жүйе арқылы дәл табуға болады, – дейді жоба авторларының бірі, Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уалиев.

Автоматты жүйе мынандай төрт бағытты қамтыған:

  • білім сапасы мен үлгерім (тоқсан нәтижелері мен сын-қатер аймақтарын бір экранда толық көрсетеді);
  • мұғалім көрсеткіштері (нақты жүктеме негізіндегі жеке аналитика);
  • оқушы статистикасы (үздік, жақсы, қанағаттанарлық, үлгерімі төмен және аттестатталмаған);
  • мұғалімдер рейтингі.