Осылайша, жүргізуші куәлігін алғаш рет алу қызметі бұдан былай "ЦОН" мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

– Енді алғаш рет жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтар өтінішті мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, тікелей "ЦОН" мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Жүйе медициналық анықтамасының бар-жоғын, автомектепті аяқтау туралы куәлігін және шектеулердің болуын мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде тексереді.

Өтініш жіберілгеннен кейін азамат өзіне ыңғайлы уақытта теориялық және практикалық емтихандарға жазыла алады. Осылайша, мемлекеттік баж төлемі емтихандарды сәтті тапсырған соң мамандандырылған ХҚО бөлімінде төленеді. Бұл тәсіл рәсімдеу процесін оңтайландырып, азаматтар үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасайды, – деп жазылған ресми хабарламада.

Айта кетейік, пилоттық жоба Ішкі істер министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы аясында жүзеге асуда. Құжат жүргізуші куәліктерін беру тәртібін жаңартып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған.

Жаңа қызмет қазір еліміздің барлық өңірінде қолжетімді болып тұр. Пилоттық жобаның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін белгіленген. Осы кезеңде қызметтің тиімділігі мен қолайлылығы бағаланып, талдау нәтижесінде жаңа тәртіпті тұрақты түрде енгізу мәселесі қаралады.

Сондай-ақ, "ЦОН" мобильді қосымшасы болашақ жүргізушілерге қосымша мүмкіндіктер де ұсынады. Яғни, қолданушылар теориялық және практикалық емтихандарға, сынақ емтиханына жазыла алады. Мұнан бөлек, қосымшада көлік сатып алу-сату шартын рәсімдеу, автокөлік тарихын тексеру және өзге де электрондық қызметтерді пайдалану секілді пайдалы функциялар бар.