Дрон мен айғақ заттар полиция қызметкерлеріне тапсырылды .
Оқиға 22 қазанда сағат шамамен 19:40-та Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты аралас қауіпсіздік деңгейіндегі №67 мекемесінде болған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дрон арқылы тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті анықталып, оның жолы кесілді. Мекеме маңайында дрон байқалған. Осыған байланысты патруль дереу оқиға орнына бағытталған. Сағат шамамен 21:15-те дрон қайтадан мекеме аумағында, №1 және №2 режимдік корпустардың арасында, "Қазпошта" ғимараты жағынан ұшып келе жатқан сәтте анықталған.
Дрон медициналық-санитариялық бөлім қабырғасына соғылып, ішкі аумаққа қарай төмендей бастаған кезде мекеме қызметкерлері оны дер кезінде атып түсірген.
Тексеру барысында қара түсті FLODCbstacle avoidance DRONE ұшқышсыз ұшу аппаратының үстінен қара түсті шұлыққа оралған және скотчпен бекітілген буманың бар екені анықталды.
"Оқиға орнына келген Тараз қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы буманы ашып тексеру кезінде жасыл түсті, ерекше иісі бар өсімдік тектес зат тапты. Алынған заттың есірткі тектес болуы мүмкін екені болжануда. Аталған факт бейнетіркегішке жазылған. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта сот-химиялық сараптама тағайындалды және қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тыйым салынған заттарды жеткізуге қатысы бар тұлғалар анықталуда.