Алматыдағы бірегей нысан – тау баурайында орналасқан "Медеу" спорт кешенінде ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қала әкімдігінің өкілдері жаңғырту аясында әйгілі мұз айдынында қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әкімдіктің мәліметінше, жобаның басты мақсаты – нысанның сәулеттік және тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи, энергия үнемдейтін әрі халықаралық стандарттарға сай кеңістік қалыптастыру.
Қазір дайындық кезеңі жүріп жатыр, алдағы уақытта құрылыс аймағы қоршалып, негізгі жұмыстар басталады.
Жоба аясында мұз айдынына арналған жаңа тоңазытқыш жүйесі орнатылады, инженерлік коммуникациялар толық жаңартылып, кешен газбен қамтамасыз етіледі. Мұздың сапасы мен жағдайын нақты уақыт режимінде бақылайтын жасанды интеллект жүйесі энергия тұтынуды 25 пайзыға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көрермендерге арналған жылы әрі жеке реттелетін орындықтар қойылады.
Шығыс қанаттағы қонақ үй қазіргі нөмірлер қорын сақтай отырып, "төрт жұлдыз" стандартына сай қайта жобаланады. Сонымен бірге спортшылар мен келушілерге арналған заманауи оңалту орталығы ашылады. Онда сауна, массаж бөлмелері және шұғыл әрі профилактикалық көмек көрсетуге арналған медициналық бөлім жұмыс істейді.
Кешен аумағында "3D" тұжырымдамасына негізделген интерактивті музей экспозициясы жасақталады. Ол заманауи мультимедиялық және көрме жабдықтарымен толық қамтылады. Батыс трибунада аумағы 900 шаршы метр болатын кофеханалары мен демалыс орындары бар кең терраса пайда болады. Ал кешен алдындағы кеңістікте, жер асты автотұрағының үстінде SUN-DECK атты демалыс аймағы құрылып, ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін көпфункционалды қоғамдық алаңға айналады.
Заманауи спорттық және сауықтыру кешенін жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұрынғы машина залының маңында көлемі 25×15 метр, жылы суы бар ашық бассейн салынады. Келушілердің жайлылығы үшін трибуна мен қабылдау бөлмесі, киім ауыстыратын бөлмелер және т.б. қызмет көрсету ғимараты қарастырылған. Бұл жаңа бассейн жыл бойы жұмыс істеп, қала тұрғындары мен туристерге тау баурайында таза ауада жүзу мүмкіндігін ұсынады.
Бұдан бөлек, кешеннің айналасында серуен жолдары бар ерекше экопарк салу жоспарланған. Ол жерден жасанды сарқыраманың, Кіші Алматы өзені мен таудың әсем көрінісін тамашалауға болады. Сонымен қатар негізгі нысандарды және жаңа демалыс аймақтарын байланыстыратын шығыс және батыс бағыттарда жүргіншілерге арналған екі көпір салынады.
Бұдан басқа, кешен аумағында жергілікті климатқа төзімді жаңа ағаштар мен бұталар егіліп, бүкіл аумақ заманауи жарықтандыру және сәулеттік шамдармен безендіріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы үшін екі жолаушы жедел саты орнатылады.
Бұл жұмыстар 2027 жылдың төртінші тоқсанында толық бітеді деп жоспарланып отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз