Қорғаныс министрлігі Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылысы тіркелгенін растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының қалдықтары елді мекендерден алшақ аймақтан табылған.
Бұл жайттан зардап шеккендер жоқ, материалдық шығын тіркелмеген.
"Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын және нысанның шығу тегін анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдады.
Сондай-ақ бұл аппараттар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізілуде", — делінген ресми хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде бүгін таңертең Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына қарасты Қызылтал ауылының маңында белгісіз дрон жарылғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ оқиға орнынан фото, видео жарияланды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз