Кейінгі жылдары жасанды интеллекттің мүм­кіндігімен интеграция­ланбаған сала кемде-кем. Бірақ оған қатысты жаңа­лықтар тек үлкен қала­лармен ғана байланыс­ты­рылып айтылатын. Бүгін­де жасанды инте­лект мүмкіндігін, әсіресе, білім саласындағы жаңашыл­дық­ ауыл мектептерінде пайдаланылып отыр. Бұл орайда жас мамандардың талпынысы жоғары.

Түркістан облысы, Же­тісай ауданы Талапты ауылындағы Са­быр­хан Асанов атындағы №38 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Дана Ермаханқызы мектеп бағ­дарламасын жасанды интеллект мүмкіндігімен толықтыруға талпынып келеді. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүрген жас маманның ізденісі де өз нәтижесін беріп отыр. Кейіпкерімізбен кездеспей тұрып оның жаңашылдығымен хабардар болғанбыз: 2023 жылы облыстық деңгейдегі көп жиындардың бірінде Дана Ермаханқызы «Педагогикалық идеялар панорамасына» қатысып, өзінің авторлық электронды кі­тап­шасын таныстырды. Бас-аяғы 15 беттен тұратын электронды кітапшада 45 минутқа созылатын пән сабағын ЖИ-мен интеграция­лау үшін әлемдік деңгейдегі 35 түрлі платформаны пайдаланып, сілтемесін қоса берген. Қазір бұл кітапша аудан мұғалімдері арасында нұсқаулық ретінде пайдаланылып жүр.

Дананың айтуынша, кітапша – тұсаукесер жасауға арналған да­йын шаблондардың сілтемелерін бір жерге жинақтау мақсатында әзірленген. «Бүгінде жасанды интеллект тек ғылым мен технологияның саласы ғана емес, ол – кез келген адамның, әсіресе оқушылар мен мұғалімдердің дамуына қажетті құрал. Менің ойымша, жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізу – баланың ойлау қабілетін кеңейтіп, оны ақпаратты жай ғана қабылдаушы емес, зерттеуші және жаңашыл идеялардың генераторы етуге мүм­кіндік береді. Мен енгізген 3D модельдеу, БЖБ және ТЖБ құ­ралдарын жасанды интеллект­пен байланыстыра отырып пайдалану – білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтереді. 3D модельдеу оқушыларға кеңістік­тік ойлау, шығармашылық және техникалық дағдыларды дамытуға көмектеседі. Бұл болашақта инженерия, медицина, архитектура сияқты маңызды салаларға жол ашады», дейді Дана.

Презентация жасау кезінде уақыт үнемдеу, сапалы әрі кәсі­би дизайн таңдау маңызды. Сон­­дықтан бұл жинақ әртүрлі та­қырып пен стильдерге ар­нал­­ған презентация шаблондарына тез әрі оңай қол жеткізуге көмек­теседі. Кітапшада әр сайттың ерек­шеліктері, шаблон түрлері мен қолдану әдістері туралы ақпарат ұсынылады. Бұл пайдаланушыларға өз қажеттіліктеріне сай ең тиімді және ыңғайлы платформаны таңдауға мүмкіндік береді.

– Дидактикалық ойындар – балалардың танымдық белсен­ділігін арттыруға, олардың ойлау, есте сақтау, зейін қою қабілетте­рін дамытуға бағытталған арнайы ұйымдастырылған ойын түрлері. Бұл ойындар оқу үдерісін қызық­ты, жеңіл және тиімді етіп өткізуге көмектеседі. Балалардың жаңа білімді меңгеруін жеңілдетеді, олар­ды шығармашылыққа, ынты­мақтастыққа және өзіндік ойлауға үйретеді. Дидактикалық ойындар белгілі бір мақсатпен, алдын ала жоспарланған ережелер негізінде өткізіледі. Олар сабақ барысында немесе сабақтан тыс уақытта ұйым­дастырылуы мүмкін. Мұндай ойындар арқылы балалар ақпаратты тез әрі жеңіл қабылдайды, өйткені олар белсенді әрекет етіп, өздері тәжірибе жасайды,– деді Дана бізбен әңгімесінде.

Дана Ермаханқызының жасанды интеллектіге қызығушылығы 2022 жылы қажетті заманауи платформаларды зерттеуден басталған. Балалар сол сәтте-ақ 45 минутты пікірталас клубына айналдырып жіберіпті. «Қазіргі балалар іштен біліп туған. Олардың барлық саладан базалық болмаса да экциклопедиялық хабары бар. Шәкіртті жаттанды лекциямен сыныпта байлап отыра алмайсың. Оларға бала деп қарамай, оны тұлға деп қарағанда ғана екі арада тең байланыс орнайды. ЖИ ұстаздың орнын алмастыра алмайды екен. Ол ұстаздың идеясын қазіргі технологиямен жалғастыратын көпір. Технология дамып кетті. ЖИ-мен бірге көптеген мамандықтың жойылып кететіні айтылып жатыр. Ал ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты ЖИ алмастыра алмайды. Біз оның мүмкіндігін қолданып, балаға қандай ақпарат керек екенін анықтаймыз», дейді Дана.

Жас маман жасанды интел­лек­тінің тілін та­уып, ең сенімді көмекшісіне айналдырып үлгеріпті. ЖИ шәкірттерін сыни тұрғыда ойлауға баулиды. Тіпті па­йымы мен болмысына да сын көзбен қарауды үйретеді.

– Шәкірттеріме жасанды интеллект берген жауапқа соқыр сеніммен қарамау керектігін, бір мезгілді бірнеше дереккөзді салыстырып үйрену керектігін жиі айтамын. Алдағы уақытта электронды кітапшамдағы айтылған идеяларды барлық саламен байланыстырғым келеді. Егер барлық сегментте, тіпті журналистика саласында болса да барлық платформадағы жаңалықтарды үнемі жаңартып, қажетті сілтемелерді де бір жер­ге жинақтап отыратын деңгей­ге көтерсем, заманауи платформалар­дың жиынтығын да бір платформаға топтастыратын едім, – деді жаңашыл мұғалім.

Бұл кітапшы ұстаздарға презентация жасауға арналған дайын шаблондардың сілтемелерін бір платформада жинақтау үшін жасалды. Себебі бұл кезде уақытта үнемдеу маңызды. Кітапшада әр сайттың ерекшеліктері туралы да қосымша ақпарат беріледі. Кейде шетелдік платформаларға сілтеме жасалып, ағылшын тілінен қазақ тіліне жатық және түсінікті тілде аударып беруге тырысады.

Дана шәкірттеріне ешқашан бала деп қараған емес. Олардың ақпаратты жылдам қабылдайтын қабілеті кейде ұстаздарына да үлгі болып жатады. «Бір-бірімізден үйренеріміз көп», дейді жас ұстаз. Дананың ертеңгі сабаққа деген дайындығы жаңа платформаларды зерттеуден басталатынын айта кету керек. Жаңа платформаны меңгеру үшін кейде 1 сағат, кейде жарты сағат кетеді. Мектепте әр сәрсенбі – әдіс алмасу күні болып белгілен­ген. Осы күні Дана Ермаханқызы әріптестеріне өзінің үйренген жаңа құралдары мен тәжірибесін таныс­тырады. Қазірде ол жасанды интеллект құралдарын кеңінен насихаттау және білім сапасын арттыру мақсатында Н.Төреқұлов, Ынты­мақ, Еңбек және №76 мектептерінің ұстаздарымен тәжірибе алмасып жүр.

Түркістан облысы