Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары күн сайын жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеп отырады. Ең көп анықталатын заңбұзушылықтардың бірі – көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпау.
Биылғы жылдың басынан бері өңірде осындай 5902 дерек тіркелген.
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік белдігі – жүргізуші мен жолаушының өмірін сақтап қалудың ең қарапайым әрі тиімді тәсілі. Статистика көрсеткендей, белдік таққан адамның жол апатынан аман қалу ықтималдығы екі есе жоғары. Соған қарамастан, кейбір азаматтар бұл талапқа салғырт қарап, өз өміріне қауіп төндіруде.
Қазіргі таңда облыс жолдарында патрульдік полицияның экипаждары күшейтілген режимде қызмет атқарып, ереже бұзушыларға жедел шара қолданып отыр. Заңнамаға сәйкес, қауіпсіздік белдігін тақпау – әкімшілік айыппұл салуға негіз болып табылады.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жолда тәртіп пен қауіпсіздік сақтаудың маңызын тағы да еске салады. Қауіпсіздік белдігі – жай ғана ереже емес, ол әр адамның өмірін қорғауға арналған құрал.
Тәртіп пен сақтық – жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі.