Жаңа министр Жұлдыз Сүлейменова 2025 жылы 22 қазанда Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында білім беру саласында қандай өзгерістер күтіліп отырғанын айтып, өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жұлдыз Сүлейменова депутат, сол секілді әйел саясаткер ретінде әрқашан БАҚ өкілдеріне ашық болып келгенін атап өтті.

"Мен жалғызбасты, көпбалалы аналарға қатысты өткір мәселелер көтердім. Өздеріңізге белгілі, алыс аудандарға, шалғай ауылдарға, елдімекендерге де бардым. Міне, осы ашықтықты, осы ұстанымымды сақтап қалғым келеді", — деді ол.

Оның айтуынша, аса бір жаңа реформалар күтілмейді.

"Біз алдыңғы барлық мектеп реформаларын қарастырып, талдаймыз. Сондай-ақ бізде білім беру сапасын арттыру деген нақты міндет бар, оны жаңа реформа деп айта алмаймыз, қолға алынғанның жалғасы. Екінші міндет — мұғалімдерді қолдау, мұғалімдердің мәртебесін қолдау. Бұл арада, әрине, аттестаттауға, педагогтардың жұмысының сапасына қатысты бірнеше мәселе бар, сондай-ақ педагогтарды заңнама тұрғысында қолдау, өздеріне тән емес функциялардан босату", деп сөзін толықтырды министр.

Оның айтуынша, мұғалімдердің жалақысы мен стипендияны арттыру мәселелері үш жылдық бюджетте қарастырылып қойған.

Сондай-ақ ол "мектеп оқушыларына артылатын жүктемені азайту жоспарланып отыр ма" деген сұраққа да жауап бере кетті.

"Мұндай да мәселе бар, 1-ден 11-сыныпқа дейінгі МЖМБС қазірдің өзінде бекітіліп қойған. Қазір апробация процесі жүріп жатыр, бірақ бірнеше пән біріктіріле ме, жоқ па, мұны тек желтоқсан айының соңына қарай айта аламыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

2025 жылы 29 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрін қызметінен босатып, жаңасын тағайындады.