Америкалық танымал шахматшы, гроссмейстер және видеоблогер Дэниел Народицкий 29 жасында қайтыс болды.
Ол Солтүстік Каролина штатындағы Шарлотт қаласының шахмат орталығында бас тәлімгер болып істеген. Қайғылы жағдайдың себебі жарияланған жоқ.
Халықаралық шахмат федерациясы Народицкийдің қазасын «шахмат әлемі үшін орны толмас қайғы» деп атады.
Дэниел Народицкий 1995 жылы 9 қарашада Калифорния штатындағы Сан-Матео қаласында дүниеге келген. Алты жасында шахмат ойнауды үйренген. Тоғыз жасында өз қатарластары арасында АҚШ-та үздік атанып, 11 жасында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен. 14 жасында Mastering Positional Chess атты кітабын шығарып, шахмат тақырыбында жазған ең жас авторлардың бірі болды. 18 жасында гроссмейстер атағын алды. 2019 жылы Стэнфорд университетін тарих мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Шарлотт қаласына көшіп, жастарға шахмат үйретумен айналысты.
Народицкий классикалық шахматта әлемнің үздік 200 ойыншысы қатарында болды. 2017 жылы ол өз мансабындағы ең жоғары рейтингіне қол жеткізді. Ал блиц-шахматтан әлемдегі ең мықты 25 ойыншының тізімінде енген.
Биылғы тамызда өткен АҚШ чемпионатында Дэниел Народицкий 14 партияның барлығын жеңіп, мінсіз нәтиже көрсеткен.