Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешімі қазақстандықтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігіне қалай ықпал ететіні Мәжіліс депутаттарын алаңдатты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Депутат Ажар Сағандықова атап өткендей, базалық мөлшерлеменің өсуінен кейін бірнеше банк ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатқан. Соның салдарынан көптеген азамат баспана сатып алу жоспарын кейінге шегеруге мәжбүр болған.

Айтуынша, 2026 жылға арналған бюджет жобасында «Отбасы банк» салымшыларына төленетін мемлекеттік сыйақыға 90 миллиард теңге қарастырылмаған. Депутаттың пікірінше, базалық мөлшерлеменің көтерілуі мен жаңа Салық кодексінің енгізілуі алғашқы жарнаның ұлғаюына және тұрғын үй бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Бұл мәселе қалай шешіледі? Егер республикалық бюджетте мемлекеттік сыйақы көзделмесе, табысы төмен азаматтар алғашқы жарнаға қалай ақша жинайды?, – деп сұрады Сағандықова тиісті министрліктердің өкілдерінен.

Сауалға жауап берген Қаржы министрі Мади Такиев мемлекеттік сыйақы төлемдері тоқтатылмайтынын, бірақ енді қаржы көздері өзгеретінін айтты.

Мемлекеттік сыйақыны төлеу енді «Отбасы банкінің» өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осылайша бюджетке түсетін салмақ азаяды. Ал салымшылар үшін ештеңе өзгермейді, – деді министр.

Өз кезегінде Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев азаматтар алдындағы сыйақы бойынша берешек жоқ екенін және жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар сақталатынын атап өтті.

Базалық мөлшерлеме көтерілгеніне қарамастан, төмен табысты азаматтарға арналған пайыздық мөлшерлемелер мен жеңілдетілген несиелер өзгеріссіз қалады. 2,5% мөлшерлемемен берілетін бағдарлама жалғасады. Сондай-ақ әкімдіктер алғашқы жарна ретінде 1,5 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаттарын беруді жалғастырады, – деді министр.