2025 жылғы 22 қазанда Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микро бизнестің өткен жылдардағы салықтық тексерулерсіз жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, шағын және микро бизнеске түсетін жүктемені азайту мақсатында қосымша шаралар әзірленген.

"Ең алдымен, өткен кезеңдер үшін салықтық тексерулер болмайды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап біз өмірімізді "таза парақтан" бастаймыз: 2023, 2024 және 2025 жылдары салықтық тексеру жүргізілмейді. Бұл – шағын бизнес үшін үш жылдық талап мерзімі. Сондай-ақ камералдық тексерулер де өткізілмейді, тек резидент еместердің кірістері бойынша ерекшеліктер бар. Ал егер құқық қорғау органдары қылмыстық іс аясында шешім қабылдаса, тексеру сол жағдайда ғана жүргізілуі мүмкін. Бұл — қалыпты процедура", – деді Біржанов.

Сонымен қатар, ол кәсіпкердің өзі қалаған жағдайда тексеру бастамалай алатынын айтты. Мысалы, қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару туралы өтініш берген кезде салық органдары мұндай тексеруді заңдылықты растау мақсатында жүргізе алады.

"Бұл салықтық амнистия емес. Біз салықтарды толық кешірмейміз. Тек өткен кезеңдер бойынша тексерулер жүргізбейміз. Егер салық берешегі болса, негізгі төлемді 1 сәуірге дейін төлеу қажет. Салық төлеуші өз еркімен төлесе, айыппұл да, өсімпұл да есептелмейді", – деп толықтырды спикер.