Оған келер жылдан бастап қосылған құн салығының қымбаттауы себеп болып отыр.
Жаңа жылдан бастап ұялы байланыс тарифтері кемі 15-20 пайызға қымбаттайды. Өсім тікелей қосылған құн салығының көтерілуімен байланысты болып отыр. Әрі халық тарапынан сұраныстың ұлғаюы да бағаға әсер етеді дейді байланыс операторларының өкілдері, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Байланыс операторлары тұтынушылар үшін тиімді тариф ұсынуға әзір. Олар жылына бір не екі рет абоненттік төлемнің өскенін естіртіп, хабарлама жолдайды. Мобильді байланысқа жауапты компаниялар тарифті 20 пайызға көтеруді жоспарлап қойған. Ал компания өкілдері сұраныстың артуы үлкен проблемаға айналғанын айтады. Себебі тұрғындар тарапынан түскен сұранысқа сай инфрақұрылымдар жоқ. Сондықтан олқылықтың орнын толтыру үшін қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр.
"Біз бағаны жылына тек бір рет қана көтереміз. Ал келесі жылы қосылған құн салығы қымбаттағалы отыр. Бұл салаға 35-40 миллиард теңге шамасында әсер ететін өте маңызды фактор. Сәйкесінше, біз бағаны қаңтар айында өзгертуді жоспарлап отырмыз. Биыл бәрі осы қалпында қалады. Келер жылы 15-20 пайызға өседі", – деді Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадин.
Көпшілікке жағымды жаңалық та жоқ емес. Енді ұялы байланыс мүлде ұстамайтын таулы-тасты аймақтар мен трассалардан да хат жолдауға мүмкіндік тумақ. Өйткені телефон тікелей спутниктік желіге қосылады. Кейін тіпті қоңырау шалуға да жағдай жасалмақ. Сондай-ақ елімізде ұлттық Wi-Fi операторы құрылғалы жатыр. Жоба аясында шекара бекеттері, әуежай, теміржол вокзалдары мен мектеп, медмекеме секілді әлеуметтік маңызы бар нысандарда арнайы Wi-Fi орнатылады.