Мәжілісте "2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы таныстырылды.
Қаржы министрі Мәди Такиев келесі жылы республикалық бюджетке қанша қаражат түсетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес, 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде бюджет қаражаты қайта бөлінді: 30 млрд теңге – өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағытталған болса; шамамен 4 млрд теңге – бірінші кезектегі шығыстарды қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар, дамудың басым шараларына 1,4 трлн теңге сома қайта бөлінді. Биылғы бюджетті қалыптастыру ең жауапты және күрделі процестердің бірі болды. Бұл нәтижеге және тиімділікке бағдарланған жаңа Бюджет кодексін қолдану аясында, қалыптастырылған бірінші бюджет болып отыр", – деді Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысында.
Алғыш рет шығыстарға бюджеттік шолу жүргізілгені туралы да айтылды.
"Мемлекеттік органдардың нақты базалық шығындары қайта қаралып, 68 млрд теңге оңтайландырылды. Әкімшілік шығыстардың үлесі 15%-дан 12,3%-ға дейін қысқартылып, даму бюджетіне қайта бағыттауға мүмкіндік берді. 2026 жылға түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжануда. Оның ішінде, трансферттерді есептемегенде, кірістер 19,2 трлн теңгені құрайтын болады. Экономиканың өсіміне, Жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты, осы жылмен салыстырғанда кірістер 3,6 трлн теңгеге ұлғайып отыр", – деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, бюджет шығыстары 27,8 трлн теңге болды, яғни биылғы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғайып отыр.