Бұл бастама алдын ала инвестиция тартуды талап етеді және авиаотынның өзіндік құны жоғары болады .
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына жауап бере отырып, Маңғыстау облысында қуаттылығы жылына 5 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытын салу туралы пікірін айтты.
"Бұл алдын ала инвестиция тартуды талап етеді, сонымен қатар инвестицияның өтелуін қамтамасыз ету үшін авиаотынның өзіндік құны жоғары болатынын ескерген жөн. Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу "Қазақстан Республикасында біріктірілген мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу" жобасын іске асыру аясында қарастырылатын болады", – деді премьер-министр.
Олжас Бектенов 2019 жылы отандық үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында авиаотын өндірісінің көлемі 300 мың тоннадан 633 мың тоннаға дейін өскеніне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл әлем бойынша авиаотын өндіру технологиясының күрделілігіне байланысты.
"2020-2025 жылдар аралығында отандық өндірістегі авиаотын көлемі 633-тен 744 мың тоннаға дейін ұлғайды, бұл көлем қазақстандық авиакомпаниялардың және Бірыңғай оператордың (жылына 50 мың тонна) қажеттілігін 100 % қамтамасыз етеді. Жаңа авиаотын өндірісінің қуаты шетелдік транзиттік әуе көлігінің қажеттілігіне қарай, жылына шамамен 300 мың тоннаны құрауы қажет, себебі қазіргі уақытта олардың сұранысы импорт есебінен қамтамасыз етілуде", – деді үкімет басшысы.
Оқи отырыңыз:
Мұнай-химия өндірісі кеңейеді: Қазақстанда жаңа зауыт салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр
Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз – Тоқаев