Ақмолалық Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтар үш баланы өрттен құтқарды. Әкелі-балалы Тоқсанбаевтар отқа оранған үйді көріп, ойланбастан көмекке ұмтылған, деп хабарлайды 24 KZ.

Телеарна мәліметінше, оқыс оқиға Біржан сал ауданының Үлгі ауылында болған. Әкесі мен ұлы екеулеп жүріп қою түтіннің ішінен баларды тауып, үшеуін де сыртқа алып шыққан.

Үйде бес бала болған. Олардың үлкені 13-те болса, кенжесі бес жаста. Ата-анасы жұмыста болған. Тілсіз жау енді тұтана бастағанда үлкен екі бала шығып үлгерген. Ал бауырларын құтқаруға қою түтін мен қызыл жалын кедергі болған.

"Біз балаларды терезеден алып шықтық. Мен ішке кірген кезде бір бала терезенің жақтауына жақындапты. Қалған екеуі сол бөлменің бір бұрышында отыр екен. Қазір менен бәрі оттың ішіне қалай қорықпай кірдің деп сұрап жатыр. Балалардың шырылдаған дауысын естіген кезде жанып жатқан отқа қалай кіріп кеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Менің орнымда болған кез келген адам осындай қадамға барады деп ойлаймын", — дейді балаларды құтқарып қалған ауыл тұрғыны.

Ерлан Тоқсанбаевқа балаларды сыртқа шығаруға ұлы көмектескен. Мирас – болашақ құтқарушы.

"Сондықтан қатты қорқа қоймадым",- дейді.

Үйдің ішінде төрт газ баллоны болған. Оның екеуін әкелі-балалы Тоқсанбаевтар шығарып үлгерген. Қалған бір баллонды өрт сөндірушілер шығарса, біреуі сол жерде жарылған.

"Газ баллонның жарылғанын бірінші рет көрдім. Аса қатты қорқыныш, үрей сезінбедім. Алайда алдағы қызметім үшін үлкен тәжірибе болды", — дейді студент Мирас Тоқсанбаев.

Ал балалардың анасы әкелі-балалы құтқарушыларға алғыс білдіржі.

Телеарнаның хабарлауынша, қазір өрттің шығу себебі анықталды.

"Өрттің шығуына пеш жағатын бөлмеде орналасқан су сорғысының сымдарының тұйықталуы себеп болған. Алдымен еден жанған. Кейін қызыл жалын қабырға арқылы төбеге дейін жеткен", — дейді Біржан сал аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Денис Шелкоплясов.

Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарғы тілсіз жаудан зардап шеккен жанұяға барынша көмектесіп жатыр. Тіпті аудан орталығынан пәтер алып беру бастамасы көтерілді. Ал жауаптылар бейбіт күннің батырларын мемлекеттік марапатқа ұсыну рәсімдерін жүргізіп жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз