Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау мәселесіне арналған арнайы жиын өтті. Басқосуға облыс әкімі аппаратының өкілдері, облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мамандары қатысты.

Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік органдардағы ішкі тәртіпті күшейту, қызметтік этика талаптарының орындалуы және мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапкершілікті арттыру секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік қызметкердің әдебі мен мінез-құлқы – халықтың билікке деген сенімінің негізі екенін атап өтті. Ол жауапты тұлғаларға қызметтік тәртіп пен әдеп нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді тапсырды.

Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев арнайы талдау жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеп, өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау деңгейі бойынша нақты мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға әдептілік пен кәсіби мәдениетті қалыптастыру бағытында нақты ұсыныстар айтылып, жауапкершілікті арттыру қажеттігі айтылды.

Отырыстың қорытындысында облыс әкімі мемлекеттік қызметшілер арасында тәртіптік жағдайлардың алдын алу, қызмет этикасын сақтау бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мен азаматтардың билікке сенімін нығайту жолында тәртіп пен талаптың маңызы ерекше екені баса айтылды.