Бүгінде ел халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ – Қазақстанды жаңғыртудың басты қозғаушы күші әрі Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалардың белсенді қатысушысы болуға тиіс деген еді.

Осыған байланысты мемлекет жас буынның білім алуына, еңбекке араласуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, шығармашылық әлеуетін дамытуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына қажетті жағдай жасап отыр. Жастарды қолдауға бағытталған саясатты Мәдениет және ақпарат министр­лігі жүйелі іске асырып келеді.

Мәселен, таланты таудай жастарды қолдаудың маңызды тетігі ретінде Мемлекет басшысы­ның бастамасымен 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты енгізілді. Бұл грантқа 123 жас отандасымыз ие болды, жалпы қаржы көлемі 369 млн теңгені құрады. Бастама өңірлер тарапынан да қолдау тауып, былтыр 308 млн теңге сомасына 216 өңірлік грант берілген-ді. Қаражат бизнес, мәдениет, спорт, ақпараттық технологиялар, волонтёрлік және ғылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.

Сондай-ақ 2023 жылы жастар жасына қатысты шекті межелер ресми түрде қайта қаралып, 29-дан 35 жасқа дейін ұзартылды. Осы өзгеріс жастарға мемлекеттік қол­даудың жеңілдіктеріне кеңі­рек қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Жастар саясаты саласын­дағы маңыз­ды оқиғалардың бірі – 2023–2029 жылдарға арналған мем­­ле­кет­тік жастар саясаты тұжы­рым­дама­сының Мемлекет басшысы тарапынан бекітілуі болды. Бұл құжат – жастармен жұмыстың стратегиялық басымдықтары мен жаңа тәсілдерін айқындаған жүйелі бағдарлама. Тұжырымдаманың басты қағидасы – «жастар үшін емес, жастармен бірге». Яғни жас­тар енді мемлекеттің қамқорлық нысаны ғана емес, шешім қабыл­дау үдерісіне тікелей қатысатын серіктеске айналды.

Бұл тәсілдің тиімділігін Прези­дент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес пен Президент­­тік жастар кадрлық резерві дәлел­деп отыр. Қазіргі уақытта резерв­ке алынған қатысушылардың 80 пайызы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жемісті еңбек етіп жатыр. Бүгінде бұл тәжірибе өңір­лерде де жалғасып, облыстарда жас­тар кеңестері құрылып, кейбір аймақ­тарда жергілікті жастар кадрлық резервтері жасақталды.

Жұмыспен қамтуға жәрдем­десу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау – жастар саясатының басым бағыттары. Кейінгі үш жылда мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жас кәсіпкерлердің саны 12,1%-ға артты. Маңыздысы – бес жыл ішінде жастар арасын­дағы жұмыссыздық деңгейі 0,8%-ға төмендеп, қазіргі таңда 3,1%-ды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 7%-дан жоғары, ал Өзбекстанда 10%-дан асады.

Жастардың жұмыс табуына және кәсіби дағдылар­ды мең­геруіне «Joltap», «Jumystap», «Mansap Compass», «Skills Enbek» бағдарлама­лары жәрдем­дес­ті. Бұған қоса Жұмыс­пен қамту орта­лықтарымен бір­лесе отырып, жастар ресурстық орта­лықтары (ЖРО) тек биылғы бірін­ші жар­тыжылдықтың өзінде 205-тен аса бос жұмыс орындары жәр­мең­кесін өткізді. Бұл формат жас­тар арасындағы жұмыссыздық­ты төмен­детудің ең тиімді құралы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айтпақшы, ауылдық жерлердегі және NEET санатындағы жастарға арнайы кеңес те берілді. 1 шілде­дегі жағдай бойынша, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 220,6 мың жас қатысты. Олардың ішінде 44,5 мыңы – осы ауыл жастары. Жалпы, 62,4 мың азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Дарынды жастарды анықтау және қолдау мақсатында елде жыл сайын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, сондай-ақ жас жазушыларға, ақындарға және айтыскерлерге арналған арнайы марапаттар табысталады.

Экологиялық мәдениетті қалып­­тастыруда «Таза Қазақстан» жоба­сы қарқынды түрде жүзеге асы­ры­­лып келеді. Бастамада «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы ма­­ңыз­­ды рөл атқарып отыр. Биыл маусым­дық жұмыспен 35,1 мың азамат қамтылды, бұл жос­пар­­ланған көрсеткіштен 17%-ға артық.

Жыл басынан бері «Жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу» атты ұзақмерзімді гранттық жоба іске асырылып келеді. Оның аясында өңірлерде 20 фронт-офис және Астана қаласында республикалық фронт-офис құрылды. Сонымен қатар «Mergen» жүйесінің көмегі­мен есірткіге қатысты заңсыз кон­тенті бар 5 мыңнан аса интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.

Жастарды тұрғын үймен қамта­масыз ету бағытындағы мем­ле­­кет­тік саясат елдің 17 өңірінде жүзеге асырылып жатқан өңірлік ипоте­калық бағдарламаларды дамытуға негізделген. Сонымен қатар «Отау» және «Наурыз» бағдарла­ма­лары да жалғасын тапты. Олар­дың қатысушыларының 60 пайыздан астамын жастар құрайды.

Жалпы алғанда, Тұжырым­даманы іске асырудағы аралық нәтиже жастарды қолдау жүйе­сінің кезең-кезеңімен дамып жатқанын көрсетеді. Ал бұл жаңартылған кешенді экожүйе біртіндеп қалыптасып келеді деген сөз.