Ақмолалық Ерлан мен Мирас Тоқсанбаевтар үш баланы өрттен құтқарды. Оқиға Біржан сал ауданының Үлгі ауылында болған. Әкелі-балалы Тоқсанбаевтар отқа оранған үйді көріп, ойланбастан көмекке ұмтылған. Екеулеп жүріп қою түтіннің ішінен баларды тауып, үшеуін де сыртқа алып шықты.
Үйде бес бала болған. Олардың үлкені - 13-те болса, кенжесі – бес жаста. Ата-анасы жұмыста болған. Тілсіз жау енді тұтана бастағанда үлкен екі бала шығып үлгерген. Ал бауырларын құтқаруға қою түтін мен қызыл жалын кедергі болған.
Ерлан Тоқсанбаев, ауыл тұрғыны:
- Біз балаларды осы терезеден алып шықтық. Мен ішке кірген кезде бір бала терезенің жақтауына жақындапты. Қалған екеуі сол бөлменің бір бұрышында отыр екен. Қазір менен бәрі оттың ішіне қалай қорықпай кірдін деп сұрап жатыр. Балалардың шырылдаған дауысын естіген кезде жанып жатқан отқа қалай кіріп кеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Менің орнымда болған кез-келген адам осындай қадамға барады деп ойлаймын.
Ерлан Тоқсанбаевқа балаларды сыртқа шығаруға ұлы көмектескен. Мирас – болашақ құтқарушы. «Сондықтан қатты қорқа қоймадым»,- дейді. Үйдің ішінде төрт газ баллоны болған. Оның екеуін әкелі-балалы Тоқсанбаевтар шығарып үлгерген. Қалған бір баллонды өрт сөндірушілер шығарса, біреуі сол жерде жарылған.
Мирас Тоқсанбаев, студент:
- Газ баллонның жарылғанын бірінші рет көрдім. Аса қатты қорқыныш, үрей сезінбедім. Алайда алдағы қызметім үшін үлкен тәжірибе болды. Әрине, алғыстан басқа айтар сөзім жоқ. Ең бастысы балаларым аман. Қазір олардың жағдайы қалыпты. Аздап қорқып қалғаны болмаса.
Қазір өрттің шығу себебі анықталды.
Денис Шелкоплясов, Біржан сал аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
Өрттің шығуына пеш жағатын бөлмеде орналасқан су сорғысының сымдарының тұйықталуы себеп болған. Алдымен еден жанған. Кейін қызыл жалын қабырға арқылы төбеге дейін жеткен.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарғы тілсіз жаудан зардап шеккен жанұяға барынша көмектесіп жатыр. Тіпті аудан орталығынан пәтер алып беру бастамасы көтерілді. Ал жауаптылар бейбіт күннің батырларын мемлекеттік марапатқа ұсыну рәсімдерін жүргізіп жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный