Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2025 жылға арналған республикалық бюджетті қарау кезінде енгізілген негізгі түзетулер туралы Facebook-парақшасында жазба жариялады.
Оның айтуынша, қоғамда "Депутаттар бюджетті қарағанда нақты не істейді?" деген сұрақ жиі қойылады. Сондықтан Аймағамбетов комитеттің нақты қандай өзгерістер ұсынғанын түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау
Депутаттың сөзінше, бастапқыда онкология мен онкогематологияны қаржыландыруда 25 млрд теңге тапшылық болған. Комитет бұл олқылықты түзету үшін қосымша қаражат бөлгізді:
+20 млрд ₸ – онкологиялық науқастарды емдеуге;
+5 млрд ₸ – онкогематологияға;
+8 млрд ₸ – гемодиализге;
+4 млрд ₸ – паллиативтік көмекке.
"Бұл жай ғана сандар емес — адамдардың тағдыры мен өмірі", – деп атап өтті депутат.
Білім беру
Бюджеттен 402 млн теңге қайта бөлініп, бірнеше маңызды бағытқа жұмсалады:
халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысатын ұлттық құраманы дайындау;
мектептерде робототехника мен ғылыми жобаларды дамыту;
оқушылар арасындағы дебат қозғалысын қолдау.
Мәдениет және қазақ тілді контент
Аймағамбетов қазақ тіліндегі сапалы контенттің аздығын айтып, бұл бағытқа ерекше назар аударылғанын жеткізді.
300 млн ₸ – қазақ тіліндегі анимациялық мультфильмдер жасауға және оларды интернет пен YouTube-та таратуға;
“Лидер XXI ғасыр” және “Азамат” бағдарламаларын қайта эфирге шығару;
“Жайдарман” жобасына қолдау көрсету.
"Біз енгізген түзетулер нақты өмірге әсер етеді. Ертең келесі жылға арналған бюджет жобасындағы жаңа түзетулер туралы бөлек жазба жариялаймын", – деді Асхат Аймағамбетов.