Республика халқының үштен бірін жастар құрайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жастарды қолдауға бағытталған іс-шаралар туралы хабарлады. Соңғы жылдары елде білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, мәдени және экологиялық бағыттағы жастар бастамалары кеңінен қолдау тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, жас ұрпақ – Қазақстанды жаңғыртудың басты қозғаушы күші. Қазір елдегі жастар саны 5,8 млн адамды құрап, республика халқының үштен біріне тең. Министрліктің мәліметінше, мемлекет жастардың сапалы білім алуына, еңбекке араласуына, кәсіпкерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуына жағдай жасап отыр.
2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілген "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантына 123 жас қазақстандық ие болды. Жалпы көлемі – 369 миллион теңге. 2024 жылы өңірлер деңгейінде тағы 216 грант бөлініп, оның сомасы 308 миллион теңгеге жетті. Қаражат бизнес, мәдениет, спорт, ІТ, волонтёрлік және ғылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
2022 жылы сайлау партиялық тізімдерінде және депутаттық мандаттарды бөлу барысында әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді.
2023 жылы Қазақстанда жастар жасына қатысты шекті межелер ресми түрде қайта қаралып, 14-тен 35 жасқа дейінгі аралық ретінде белгіленді. Осы өзгеріс жастарға мемлекеттік қолдаудың жеңілдіктеріне кеңірек қол жеткізуге мүмкіндік берді.
2023 жылы Мемлекет басшысы бекіткен 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы саланың жаңа кезеңін айқындады. Оның басты ұстанымы – "жастар үшін емес, жастармен бірге". Бұл тәсіл жастарды шешім қабылдауға қатысатын серіктеске айналдырды. Президент жанындағы Жастар саясаты кеңесі мен Президенттік жастар кадрлық резерві осы бағыттың тиімділігін дәлелдеп отыр: резервке енгендердің 80 пайызы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқарып жүр.
Соңғы үш жылда жас кәсіпкерлердің саны 12,1 пайызға өскен. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құрап отыр – бұл өңірдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Жастардың жұмысқа орналасуына және кәсіби дағдыларды меңгеруіне "Joltap", "Jumystap", "Mansap Compass" және "Skills Enbek" жобалары көмектесіп келеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында жастар ресурстық орталықтары 205 бос жұмыс жәрмеңкесін өткізіп, 265 мың жеке кеңес берді. Соның нәтижесінде 62,4 мың жас тұрақты жұмысқа орналасты.
Министрліктің дерегінше, "Жасыл Ел" жасақтары арқылы биыл 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмысқа тартылды. Оның 39 пайызы – ауыл жастары. Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған "Таза Қазақстан" жобасы белсенді жалғасып жатыр.
Биыл жыл басынан бері "Жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу" атты ұзақ мерзімді гранттық жоба іске асырылып келеді. Жоба аясында өңірлерде 20 фронт-офис және Астана қаласында республикалық фронт-офис құрылды.
Сонымен қатар "Mergen" жүйесінің көмегімен есірткіге қатысты заңсыз контенті бар 5 мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.
Елдің 17 өңірінде жастарға арналған ипотекалық бағдарламалар іске асуда. "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары аясында баспана алғандардың 60 пайыздан астамы – жастар.
"Тұжырымдаманы іске асырудың аралық қорытындылары жастарды қолдау жүйесінің кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде елде жастардың білім алу, жұмыспен қамтылу, тұрғын үй алу және қоғамдық өмірге белсенді араласу мүмкіндіктерін қамтитын жаңартылған экожүйе қалыптасуда", – дейді министрліктің баспасөз қызметі.