Жамбыл облысында баласына қол көтерген әкесіне жаза тағайындалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сарысу аудандық соты кәмелетке толмаған балаға қатысты жасалған ұрып-соғу (Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 8) тармағы) бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта әкесі түні бойы телефон көріп, таңертең уақытында оянбаған баласына ашуланып, оны "тәрбиелеу" мақсатында бетінен ұрғаны анықталды.

Прокурор сотталушыға 100 сағаттық қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындауды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Жәбірленушінің өкілі (баланың анасы) күйеуін кешіретінін айтты.

Бұл әрекет үшін Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің санкциясымен, яғни, 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не 100-ден 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 30-дан 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу көзделген.

"Сот баланың әкесінің кінәні мойындағанын, шын жүректен өкінгенін және жас балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 100 сағаттық қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындалды", — делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз