Кипрлік "Пафос" футбол клубының бас бапкері Хуан Карлос Карседо алматылық "Қайратқа" қарсы өтетін ойын алдында командасының дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бапкер ең алдымен жылы шыраймен қабылдаған қазақстандықтарға алғыс айтты.
"Біз Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз және мұнда болғанымызға өте қуаныштымыз. Бізді өзімізге ұқсас қарсылас күтіп тұр. "Қайрат" кейінгі жылдары айтарлықтай өсіп, тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шықты. Бұл өте қызықты ойын болатынына сенімдімін", — деді ол.
Бапкердің айтуынша, алдағы ойында дәрежесі тең, өзара ұқсас командалар кездеседі.
"Қазір біз өз чемпионатымызда көш бастап тұрмыз, сол сияқты "Қайрат" та өз чемпионатында бірінші орында. Бұл матч алаң иелері үшін де, біз үшін де жақсы мүмкіндік болады. Кездесу оңай болмайды", — деді ол.
Хуан Карседоның сөзінше, өткен ойындағы жеңіс командасына Алматыға сапар алдында сенімділік сыйлаған.
"Чемпиондар лигасындағы әр ойын оңай өтпейді. Ертең ауыр матч күтіп тұр, біз бар күшімізді салып, үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз", — деді ол.
Сондай-ақ бапкер "Қайраттың" жұлдыз ойыншыларының бірі Дастан Сатпаев туралы да пікір білдірген.
"Дастан — өте талантты жас ойыншы, жақсы деңгей көрсетіп жүр. Келесі маусымда ол "Челсиге" ауысады. Бұл — оның дамуы үшін үлкен мүмкіндік. Қазір көптеген жас ойыншы ерте жетістіктерге жетіп жатыр. Сіздерде де жақсы футболшылар бар. Маған команданың агрессивті ойыны ұнайды. Біз тек бір ойыншыға емес, бүкіл командаға назар аударамыз", — деді Карседо.
Еске сала кетейік, 21 қазан, сағат 21:45-те "Қайрат" футбол клубы Алматыдағы Орталық стадионда кипрлік "Пафос" командасымен ойнайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз