Қарағандыда полиция басшылары жұмыстан кетті
Қарағанды қаласы Михайлов полиция бөлімінің басшысы мен орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ведомство мәліметінше, тірек пунктінде болған оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік комиссияның отырысы өткен.
"Михайлов полиция бөлімінің басшысы мен орынбасары лауазымынан босатылды. Бұдан бөлек, Қарағанды қаласы полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің бірнеше басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі таңда азаматтың денесін табу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал ес-түссіз табылған полиция инспекторы қызметінен шеттетілді. Ол әлі ауруханада жатыр. Ем аяқталғаннан кейін оны жұмыстан шығару мәселесі қаралады, деп мәлім етті полиция департаменті.
Оқи отырыңыз: Алматыда синтетикалық есірткі таратып жүрген жас жігіт ұсталды
Еске салайық, 1 қазанда Қарағандыда учаскелік тірек пунктінен әйелдің мәйіті мен ес-түссіз жатқан полицей табылған еді. Полиция инспекторы комаға түскен, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған.