2025 жылдың жоспарына сәйкес, биыл ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен ҚМДБ жанынан Қарилар алқасы құрылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бірінші отырыста Алқаның ережесі таныстырылды, Құран ілімін дамыту бойынша осы жылы атқарылатын шаралар туралы ақпарат берілді. Алқаның құрамына қазірше 18 адам қамтылды. Оған еліміздегі белгілі қарилар, Құран ілімдері саласындағы білікті мамандар мен Қарилар дайындау орталықтарының басшылары кірді.

Алқа елімізде қарилар даярлау жұмысын жетілдіру, Құран жаттаудың оңтайлы әдістемелерін ұсыну, білім сайыстарын ұйымдастыру, Құранды жатқа оқуға қатысты мәселелер бойынша әдістемелік құралдар мен оқулықтар әзірлеу, оқу бағдарламаларын бекіту және ұсыныстар беру сынды мәселелермен айналысады, – деп түсіндірді ҚМДБ Информбюро сауалына орай.

Сондай-ақ, биыл "Қарилардың рухани келбеті" атты құжат әзірленбек. Бұдан бөлек, қазіргі таңда арнайы жұмыс тобы ерекше қаріптер үлгісі мен жаңа дизайнде Құран Кәрім кітабын әзірлеп, басып шығаруды жоспарлап отыр.