21 қазан күні Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші тур аясында Алматының орталық стадионында қазақстандық «Қайрат» пен кипрлік «Пафос» командалары кездеседі. Ойын сағат 21:45-те басталып, тікелей эфирде «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алғашқы турда «Қайрат» сырт алаңда португалиялық «Спортингтен» 1:4 есебімен жеңіліп, екінші ойында мадридтік «Реалға» 0:5 есебімен жол берді. Ал «Пафос» алғашқы турда гректің «Олимпиакосымен» 0:0 есебімен тең түсіп, кейін өз алаңында мюнхендік «Бавариядан» 1:5 есебімен ұтылған еді.

Келесі кезеңдерде алматылық клубты Италияның «Интері», Данияның «Копенгагені», Грецияның «Олимпиакосы», Бельгияның «Брюггесі» және Англияның «Арсеналы» сынды атақты командалармен кездесулер күтіп тұр.

Айта кетсек, Чемпиондар лигасының биылғы маусымында 36 команда бақ сынап жатыр. Турнир 16 қыркүйекте басталып, соңғы сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында өтеді. Плей-офф кезеңі 16–18 ақпан аралығында басталып, финалдық ойын 30 мамырда ұйымдастырылады.