Қазақстанның 11 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы Республикалық "Қазгидромет" кәсіпорнының мамандары хабарлады.
"2025 жылғы 21 қазанда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Петропавл, Өскемен, Семей, Риддер, Ақтөбе, Алматы қалаларында, түнде – Астана, Көкшетау, Шымкент, Теміртау және Қарағанды қалаларында күтіледі", – делінген гидрометорталықтың сейсенбі күні жариялаған хабарламасында.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл қысқа мерзімді ауа райы факторларының (тыныш ауа, әлсіз жел, тұман, инверсия) жиынтығы, олар атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал етеді.
Мұндай жағдайда тұрғындарға, әсіресе автожолдардың маңында немесе өндіріс орындарына жақын жерлерде, ашық ауада жүру уақытын қысқарту ұсынылады. Ал өкпе, жүрек-қан тамыр немесе аллергиялық аурулары бар адамдарға сыртқа шыққанда өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүру қажет.