Қызылорда облысында егін жинау науқаны аяқталды. Өңірдің басты дақылы – күріштің әр гектарынан 58 центнерден астам өнім жиналды.

Биыл аймақта су тапшылығы қатты сезілді. Жалағаш ауданының диқандары коллектордағы суды қайта пайдаланып, егінді сақтап қалды.

26 жастағы Рамазан Тойқожа 9 жылдан бері Темірбек Жүргенов ауылындағы шаруашылықта тер төгіп келеді. Ол еңбек жолын дәнекерлеуші болып бастаған. Ал бүгінгі күні заманауи күріш өңдеу заутының жетекшісі.

Рамазан Тойқожа, Күріш Ақтау зауытының меңгерушісі:

- Процесс қара күріштен басталады. Осында әкеліп төгеді. Біртіндеп аппараттардан өткізіп ақ күріш шығарады. Зауыт толықтай автоматтандырылған. 8 адам жұмыс істейді. Ешқайсысына ауыртпашылық күш түспейді. Осы жерден дайын өнімді шығарып, сапалы өнімді шығарып, көліктерге тиеп жібереміз.

Егін даласынан жиналған өнім қамбаға құйылды. Менің қолымдағы украиналық сорт. Әр гектардан шамамен 80 центнерден өнім берген. Бұл күрішті мамандар толықтай қашыртқы суымен суарған.

Күріш алқабы жаз мезгілінде бірнеше рет суарылады. Әдетте пайдаланылған су қашыртқы арналары арқылы ағып кетеді. Ал Жалағаш ауданында бұл суды тиімді пайдалану тәжірибесі енгізілген. Қашыртқы арналарындағы тіршілік нәрімен қайтадан егін суарған.

Әліби Бекжанов, шаруа қожалығының төрағасы:

- Нәтиже бар. Биыл 69 центнерден орташа өнім алдық. Біздегі жалпы күріш көлемі 1800 гектар болатын болса, соның 900 гектарын қашыртқымен алып шықтық.

Өңірде 190 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілді. Оның ішінде 80 мың гектардан астамы күріш алқабы. Диқандар күріштің әр гектарынан 58 центнерден астам өнім алды. Қамбаға 470 мың тоннаға жуық Сыр маржаны құйылды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин