Бұл жанартау мыңдаған жылдар бойы сөнген деп есептелген.
Иранның оңтүстігіндегі Тафтан жанартауы қайта оянды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл жанартау 710 мың жыл бойы сөнген деп есептелген. Соңғы зерттеулер оның толықтай сөнбегенін, қайта оянуы мүмкін екенін көрсеткен.
Соңғы екі жыл ішінде жанартаудың шыңы шамамен 9 сантиметрге көтерілген. Тафтандағы вулкандық белсенділіктің жоғарылауы 2024 жылы байқалған. Сол кезде кратерден көрінетін түтін мен күлдің атқылауы тіркелген. Ғалымдар 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі 10 ай ішінде жанартаудың шыңындағы саңылаулардан су буы, көмірқышқыл газы, күкірт диоксиді, күкіртсутек және фторлы сутек сынды газдар шыққанын айтқан. Бұл кезеңде күкірт диоксидінің орташа тәуліктік шығарындылары шамамен 20 тоннаға жеткен. Сала мамандары бұл өзгерістерге жер астындағы ыстық сұйықтықтар мен газдардың жиналуы себепші екенін хабарлаған.
Вулканолог Пабло Гонсалес Тафтанды ұйқыдағы жанартау деп санаған жөн екенін айтты. Сондай-ақ бірқатар ғалымдар Иран мен Пәкістанның оңтүстігіндегі Макран жанартаулар тізбегіне қатысты қауіп-қатерді қайта қарастыру қажет екенін айтқан. The Daily Mail бұл жанартауға зомби деген ат берген.
Тафтан жанартауы Иран мен Пәкістан шекарасына жақын маңда орналасқан.