Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының ұшағында болған жолаушы Нурулла Сираджов қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Oxu.az агенттігіне сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, ер адам таңертең өз үйінде көз жұмған.
2024 жылдың 25 желтоқсанында Нурулла Сираджов жұбайымен бірге Грозныйда тұратын ұлына ұшақпен бара жатқан. Апат салдарынан ауыр жарақат алған ерлі-зайыптылар ауруханаға жеткізілген.
Нурулла Сираджов онкологиялық дертке шалдыққан. Грозныйда осыған байланысты ота жасатылуы тиіс болған. Алайда әуе апаты нәтижесінде операция жүргізілмей, ал Сираджов алған жарақатымен Бакудегі ауруханаға жеткізілген.
Әуе апаты кезінде алған жарақатынан айыққанымен, ол онкологиялық ауруға қарсы тұра алмады.
Айта кету керек, бұған дейін AZAL ұшағы Санкт-Петербургтен ұшып шыққаннан кейін әуежайға қайта оралғанын жазған едік.