Нейрожелі фермерлерге кеңес беріп , өнімділікті арттырады.
Бұл туралы Парламенттік комиссияның XI отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, нейрожелі фермерлерге мемлекеттік қолдау алу бойынша кеңес береді. "Электрондық агроөнеркәсіп кешені" экожүйесі құрылып, 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы жерлерінің кемінде 50 пайызы цифрлық бақылауға алынбақ. Министр бұл егін өнімділігін 20-25 процентке арттырып, құрғақшылық пен зиянкестерден болатын шығындарды азайтады деп отыр.
"Сонымен қатар мал басының 90 пайызы RFID-белгілер мен жасанды интеллект арқылы таңбаланады. Бұл шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Демек, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру саланы жаңғыртудың ғана емес, аштықты жою және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту жөніндегі жаһандық мақсаттарға қосқан нақты үлес болады", – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Жасанды жады еңбек нарығына да кеңінен енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект агенті іске қосылып, азаматтарға жұмыс табуға көмектеседі. Одан бөлек, нейрожелі азаматтарға құқықтық тұрғыдан кеңес береді.
Жүйе азаматтардың сұрақтарына нақты және жедел жауап беріп, құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетеді. "Ұлттық бейнебақылау жүйесі" енгізіліп, қоғамдық орындар тәулік бойы бақылауда болады.
"Жүйе адамдардың бет-әлпетін, көлік нөмірлерін автоматты түрде таниды. Сондай-ақ күмән тудыратын жағдайларды – төбелесті, адамдардың жиналуын немесе ұмыт қалған заттарды тіркейді. Нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздік деңгейі едәуір артып, құқық қорғау органдарының әрекет ету жылдамдығы күшейеді", – деді министр.