“Наурыз” және “Наурыз жұмыскер” ипотекалық бағдарламалары бойынша несиелеу көлемі 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

16 қазан күні Үкімет тұрғын үй несиелеуді қолдау шараларын бекітті.

Бағдарлама қарашада іске қосылады

Несиелерді беру жұмысы биыл қараша айында басталмақ.

Қазір екі нұсқа қарастырылып жатыр: не өтінімдерді қабылдаудың жаңа конкурсын жариялау, не наурыз айында қатысып, бірақ өтпей қалған азаматтарға несие беру, — деді “Отбасы банк” төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Банк өкілдерінің айтуынша, қатысу шарттары кейінірек нақты жарияланады.

Маңызды жаңалықтардың бірі — құрылыс компанияларымен офтейк-келісімшарттар жасау.

Құрылыс салушылар “Отбасы банкпен” келісімге отырып, алдағы үш жылға пәтер бағасын тұрақты деңгейде ұстауға міндеттеледі, — деп айтты Ибрагимова.

Бағдарлама қатысушылары өздеріне ұнайтын тұрғын үйді “Баспана маркет” платформасынан таңдай алады.

“Наурызбен” қандай тұрғын үйді сатып алуға болады?

  • Астана, Алматы және облыс орталықтарында — тек жаңа үйден (құрылыс салушыдан тікелей жаңа пәтер);
  • Басқа өңірлерде — кез келген баспана, соның ішінде екінші нарықтағы пәтерлер мен жеке үйлер.

Ипотека шарттары:

  • Мөлшерлеме: әлеуметтік осал топтарға — 7%, өзгелерге — 9%;
  • Бастапқы жарна: таза әрлеудегі пәтер үшін — 10%, жөндеусіз пәтер үшін — 20%;
  • Несие сомасы: Астана мен Алматыда — 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде — 30 млн теңгеге дейін.

Қатысу талаптары:

  • соңғы 5 жылда өз атына тіркелген тұрғын үйдің болмауы;
  • “Отбасы банкінде” кемінде 2 млн теңге көлемінде депозиттің болуы.