Өткен демалыста ҚПЛ-дің ХХV туры аясындағы ойындары аяқталды .
Бұл тур тартысқа толы әрі ел футболы тарихында көрермен саны бойынша жаңа рекордқа ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нақтылай түссек, "Астана" мен "Ақтөбе" арасындағы матчты 28211 жанкүйер тамашалаған. Бұл ҚПЛ тарихындағы ең жоғары көрсеткіш саналады.
Маусым айында да дәл осы "Астана" командасының қатысуымен өткен матч стадионға көп жанкүйер жинаған еді. "Қайратпен" кездескен елордалық ұжымның ойынын көруге 26 мың көрермен келген болатын.
Ал ҚПЛ бойынша жанкүйерлер көп келген матчтың бірі 2024 жылы өтті. Онда "Қайрат" пен "Ақтөбе" арасындағы ойынға 22 804 адам келген. Негізінен, 2025 жылғы футболдан ел чемпионатын тамашалаған көрермен саны 1 миллионға жақындады. Бұл – отандық футбол тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Айта кетейік, қазір турнирлік кестеде "Астана" футбол командасы екінші орынға жайғасқан. Елордалық ұжымның еншісінде 56 ұпай бар. Ал 58 ұпаймен "Қайрат" көш бастап келеді. 2025 жылғы ел чемпионы 26 қазанда өтетін екі команданың өзара тартысты кездесуінде анықталмақ.