XDS Astana Team командасының велошабандозы Диего Улисси Италияда өткен Veneto Classic жарысында үшінші орынға ие болып, маусымды жүлдемен аяқтады.

Біркүндік дода Соаве қаласынан басталып, Бассано-дель-Граппаға дейінгі 178,8 шақырымды құрады. Жарыс барысында Диего Улисси мен Маттиа Негренте (XDS Astana Development Team) негізгі топтан ұзап шығып, соңына дейін жеңіс үшін күресті. Соңғы шақырымдарда Улисси шабуыл жасап көргенімен, еңіс жолда және қиыршық тасты бөлікте жылдамдығын сәл жоғалтып алды. Соған қарамастан, ол мәреге үшінші болып келіп, маусымды тамаша нәтижемен аяқтады.

– Жалпы, бұл маусым мен үшін өте сәтті өтті. Giro d’Italia кезінде қызғылт жейдені киген сәт ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ, XDS Astana Team құрамында алғашқы жеңісімді де осы жылы атап өттім. Мен жас шабандоздарға қолдау көрсетіп, команданың нәтижесіне үлес қосуға тырыстым. Біз керемет маусым өткіздік. Көптеген жігіттер жоғары деңгейде өнер көрсетті, ал команда үздік ұжымдар қатарында қалды.

Бүгін мықты қарсыластармен бірге алға шығып, Негрентемен жақсы жұмыс істедік. Финалда шабуылдадым. Бірақ құлдида аздап артта қалып қойдым. Дегенмен, маусымды жеңіс тұғырында аяқтағаныма қуаныштымын. Енді біраз демалып, келесі маусымға дайындықты бастаймын, – деді Диего Улисси жарыстан кейін.

Айта кетейік, Диего Улиссимен қатар астаналықтардан Никола Кончи, Клеман Шампуссан, Кристиан Скарони, Симоне Веласко, сондай-ақ XDS Astana Development Team командасының велошабандоздары — Лудовико Меллано мен Маттиа Негренте жарысқа қатысты.