Павлодар облысында ауыл әкімі полиция ұстаған 18 жастағы жігітті балағаттаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, әкім полиция бөлімшесіндегі әрекетіне қатысты түсініктеме берді.
Белгілі болғандай, Успен ауданының соты Новопокровка ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненконың әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, оған 55 мың теңге айыппұл салған. Сонымен қатар аудан әкімінің атына жеке қаулы шығарылып, онда ауыл әкімінің мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексін бұзғаны көрсетілген.
Әкімнің айтуынша, жаз мезгілінде ауыл ішінде мотоциклмен қатты дыбыс шығарып жүрген жастарға тұрғындар бірнеше рет шағым түсірген. Тамыз айында полиция рейд ұйымдастырып, төрт мотоциклшіні ұстаған, ал біреуі екі күннен кейін қолға түскен. Сол жігіт полиция бөлімшесіне жеткізіліп, әкім де сонда шақырылған.
“Бейнебақылау камераларындағы жазбалар оның кінәсін дәлелдеді, бірақ жас жігіт мойындамады. Ол құқықбұзушылық жасамағанын айтты. Сол сәтте мен эмоцияға беріліп, азаматқа орынсыз сөз айттым. Бұл үшін қатты өкінемін”, – деді әкім Вячеслав Симоненко.
Кеңес мүшелері Симоненконың әрекетін орынсыз деп бағалап, Успен ауданы әкімдігіне ауыл әкіміне сөгіс жариялауды ұсынды.
Айта кетейік, Павлодар облысы Успен ауданының Новопокровка ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко 2022 жылы “Үздік ауыл әкімі” байқауында екінші орын иеленген.