Алматыда матч кезінде есінен танып, аурухана төсегінде жан тапсырған 19 жастағы футболшының өліміне қатысты тергеу басталды. Марқұм Диас Төлеу "Хан тәңірі" деп аталатын жекеменшік клубтың шабуылшысы болған. Команда директоры оның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған деп отыр., — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Аяқасты осындай қайғылы жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Барлық медициналық көрсеткіш бойынша ойыншының денсаулығында ешқандай ауытқу болмаған. Жол үстінде Диас тыныстап жатты. Төрт минуттың ішінде ол №12 ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер барын салды", — деді "Хан тәңірі" футбол клубының бас директоры Тимур Молдағалиев.
Қайғылы оқиға кеше "Хан тәңірі" мен "Екібастұз" футбол клубтары арасындағы матчта болды. Ойынның 62-ші минутында Диас Төлеу алаңға құлайды. Трансляциядан оның есін біліп жатқанын көруге болады. Кезекшілікте жүрген жедел жәрдем бригадасы футболшыны зембілмен алаңнан алып кетеді. Дәрігерлер оның өмірі үшін жарты сағат бойы күрессе де, шабуылшыны аман алып қала алмаған.
Әріптестерінің айтуынша, Диас Төлеу футболды жақсы көретін, талантты спортшы болған. Ол "Қайрат" клубының түлегі. Осы маусымда "Хан тәңірі" командасында 25 ойын өткізіп, үш гол соғып, төрт нәтижелі пас берген.
Қазір шабуылшының қазасынан кейін Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы бастаған делегация Алматыға келіп, тергеуге кіріскен. Ал денсаулық сақтау басқармасы марқұмның денесін сот-медициналық сараптамаға жіберген.
"Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне 2006 жылы туған пациент клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Қабылдау кезінде пациенттің тамыр соғысы мен артериялық қысымы болмаған, қарашығы кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимация жүргізгенімен, барлық қолданылған шараға қарамастан, өмірін қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді", — деді Алматы қаласы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!