Ақылды колонка интернет жоқ жерде Bluetooth арқылы басқарылады.

Yandex Qazaqstan Алисамен жабдықталған алғашқы портативті ақылды колонканы таныстырды. "Стрит станция" аталатын ол қуатты дыбысқа ие, тоқтаусыз 12 сағатқа дейін жұмыс істей алады, әрі шаңнан жақсы қорғалған. Мұндай құрылғыны спорт алаңына, сапарға немесе табиғат аясындағы демалысқа алып шығуға болады.

Компания өкілдерінің түсіндіруінше, колонка кез келген Wi-Fi желісіне қосылады. Ал табиғат аясына шыққанда интернет болмаса, оны Bluetooth арқылы қосып, музыка тыңдауға немесе дауыс командаларын беруге болады.

Стрит станциясында жалпы қуаты 30 Вт болатын екі динамик орнатылған. Сәйкесінше, оның дауысы табиғат аясында жұтылып кетпей, қуатты шығады. Сондай-ақ, дауысты үйде не ғимарат ішінде құлаққа жағымды етіп өзгертуге болады. Ол үшін колонканың далаға және үйге арналған функцияларын таңдау жеткілікті.

Колонка сапарға бірге алып шығуға арналғандықтан, әзірлеушілер оны қуатты аккумулятормен жабдықтауды да ұмытпаған. Ол 12 сағатқа дейін тоқтаусыз жұмыс істей алады.

Ең бастысы, ақылды колонканы рюкзакқа салып не қолға ұстап алып жүру өте ыңғайлы. Ол IP67 стандарты бойынша шаң мен ылғалдан қорғалған. Яғни, колонкаға шаң кірмейді және тіпті байқаусызда суға түсіп кетсе де, істен шықпайды.


Оқи отырыңыз: Қазақстан оқушылары арасында математикадан республикалық онлайн олимпиада өтеді