Қостанай қаласының №2 соты өндірістік кооперативтің жергілікті филиалының аймақтық директорына үкім шығарды. Ол алаяқтық дерегі бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Алау" басылымының жазуынша, 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қазанына дейін айыпталушы қол астындағы қызметкерлерінің сенімін пайдаланып, өзіне сыйақы төлемдерін беруді талап етіп отырған. Бұл бонустар қызметкерлерге клиенттермен сәтті жұмыс істегені үшін төленген. Осылайша, ол 70 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген.

"Сот оны кінәлі деп танып, кәмелетке толмаған балаларының барын ескере отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ жеті жыл бойы басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды. Жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді", — деп жазды басылым.

Барлық жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.